Accessibility links

Зеленскийдің Купянскіге қауіпті сапары және АҚШ-Украина келіссөзі


Украина президенті Владимир Зеленскийдің Купянскіге барған кезі. 12 желтоқсан 2025 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленскийдің Купянскіге барған кезі. 12 желтоқсан 2025 жыл.

Жер және қауіпсіздікке кепілдік беру бойынша келіспеушілік шешілмей жатқан тұста және Ресейдің Украина инфрақұрылым нысандарына шабуылы үдеген шақта Америка мен Украина 14 желтоқсанда Берлинде бейбітшілік бойынша келіссөз өткізеді.

Мұндай келіссөз Украина басшысы Владимир Зеленскийдің бірнеше апта бұрын орыстар "басып алдық" деген Купянск қаласына сапарлап, сол жақтан видео жариялағаннан кейін өтейін деп отыр. Осылайша украин басшысы Украина әскерінің қауқарына күмән келтіретін кез келген мәлімдемені жоққа шығаруға тырысқан.

Бұған дейін украиналық және ресейшіл дереккөздер де Купянскіде украин әскерінің қайта шабуылға шыққанын хабарлаған еді.

Берлинде 14 желтоқсанда Киев делегациясы АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы уәкілі Стив Уиткофф және күйеубаласы Джаред Кушнермен кездесу өткізеді.

Трамп 11 желтоқсанда АҚШ өкілдерін келіссөзде "алға жылжу ықтималдығы болса ғана" жіберетінін және "уақытты құр босқа өлтіргісі келмейтінін" айтқан.

Германия үкіметіндегі дереккөз Reuters агенттігіне 13 желтоқсанда "Украинадағы атысты тоқтату бойынша келіссөз осы демалыста АҚШ пен Украинаның сыртқы саясат бойынша кеңесшілері арасында өтетінін" растады.

Өзге елдің өкілдері АҚШ-Украина келіссөзіне қатысатыны-қатыспайтыны әзірге белгісіз. Оған Зеленский де қатыса ма, жоқ па, айқын емес.

15 желтоқсанда Германия канцлері Фридрих Мерц және Еуропа елдерінің өзге де басшылары, НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте және Украина президенті Владимир Зеленский кездесу өткізеді.

Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер мен Франция басшысы Эммануэль Макрон да кездесуге қатысады.

"Берлинде бейбітшілік және соғысты тоқтату бойынша саяси келісім мәселесіне қатысты президент Трамптың уәкілдері және Еуроподағы одақтастарымызбен, көптеген басшылармен кездесемін" деді Зеленский 13 желтоқсан күнгі видеомәлімдемесінде.

Берлиндегі кездесу – Трамптың Украинадағы соғысты аяқтау талпынысы аясында әлем бойынша жүргізіп шараларының кейінгісі.

Қараша айында Трамп әкімшілігі Киевке 28 пунктіден тұратын бейбітшілік жоспарын ұсынып, қысым жасағаннан кейін дипломатиялық қимылдар жанданған еді. Сыншылар аталған шарт айтарлықтай Мәскеудің мүддесіне орайластырып жазылғанын айтқан.

ЕУРОПАДАҒЫ ОДАҚТАСТАР ЖОСПАРҒА ӨЗГЕРІС ЕНГІЗУДІ ТАЛАП ЕТЕДІ

Украина мен оның Еуропадағы одақтастары – Ұлыбритания, Франция және Германия бастаған ел жетекшілері – Трамп ұсынған бейбітшілік шартына оны біржақты етпейтін және ең бастысы Украинаны Ресейдің болашақ шабуылдарынан қорғауға мүмкіндік беретін өзгерістерді асығыс енгізуге талпынып жатыр. Осы аптада Киев 20 пунктіден тұратын жоспарын ұсынды.

Ақ үй сонымен бірге Украина Конституциясы соғыс кезінде сайлау өткізуге тыйым салғанына қарамастан Украинада сайлау өткізуді талап етіп отыр.

Сайлау өткізу ұсынысы бірнеше рет кері қайтарылған. Ресей елді ракета және дрондармен соққылап, мыңдаған жауынгер майданда шайқасып, миллиондаған украин қоныс аударған шақта ресми тұлғалар мұның мүмкін емес екенін айтқан.

Зеленскийдің өзі соғыстан зардап шеккен елде сайлау өткізуге дайын екенін, бірақ ол үшін АҚШ пен өзге одақтастары сайлауды қауіпсіз өткізуді қамтамасыз етуі керек деп мәлімдеген.

Ресей 12 желтоқсанда Украинаның Донбастың шығыс бөлігіне қатысты референдум өткізу туралы идеясын кері қақты.

"Бұл Ресейдің жері" деді Ресей президентінің сыртқы саясат бойынша кеңесшісі Юрий Ушаков. Ол 2022 жылы Ресей Украина ға басқыншылық жасағаннан кейін Украинаның төрт облысын аннексиялағанын меңзеген. Халықаралық қауымдастық бұл төрт облысты Украинаның жері деп санайды.

Путин әзірге Кремльдің қатаң ұстанымдарынан, оның ішінде Украина күштері бақылап отырған кейбір аумақтарды да алу туралы талаптан айныған жоқ.

Еуроодақ алдағы екі жылда Украинаны қаржылай қолдаудың амалын табуға талпынып жатыр. Одақ жетекшілері 18-19 желтоқсанда Брюссельде бас қосады.

Оның ең маңызды тұстарының бірі – Киевке "репарациялық несие" беру. Халықаралық валюта қорының есебінше, Украинаға алдағы екі жылда шамамен 135 миллиард еуро (158,3 миллиард доллар) керек және келесі жылы Украина 71,7 миллиард еуро көлемінде бюджет тапшылығына ұшырайды.

ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ КУПЯНСКІГЕ ҚАУІПТІ САПАРЫ

Дипломатиялық сапарларымен қатар Зеленский майдан шебіне сапарын да жалғастырып жатыр. 12 желтоқсанда ол шайқас қызып жатқан Купянскіге барды. Украина президенті Ресей әскері "басып алдық" деген қаладан видео жариялады.

"Ресейліктер Купянскіні [басып алдық] деуін доғарар емес. Ал шынайы жағдай міне" деді қаланың шетіне ұқсайтын жерден видео түсірген Зеленский.

Зеленский майдан шебіне жақын аумаққа жиі сапарлайды, бірақ осы жолғысы ең қауіптісі болғанға ұқсайды және мұндай қадам дипломатиялық "майданда" ең шешуші апта алдында жасалып отыр.

РЕСЕЙ ШАБУЫЛЫН ҮДЕТТІ

Әлемнің түкпір-түкпірінде келіссөз жалғасып жатса да, Ресей Украинаға түнгі шабуылдарын доғарған жоқ және Украинаның Покровск қаласы маңындағы құрлық шабуылын үдетіп жатыр.

Зеленский 13 желтоқсанда Ресей Украинаға бір түнде 450-ден астам дрон және 30 ракетамен шабуыл жасағанын айтты.

"Негізгі соққы тағы да энергиямен қамтамасыз ету жүйесіне, елдің оңтүстігі мен Одесса облысына жасалды" деді ол.

"Тиісті қызметтер Ресейдің түнгі шабуылының салдарынан бұзылған электр энергиясы мен су жүйесін қалпына келтірумен айналысып жатыр" деп жазды ол. Оның сөзінше, тұтас ел аумағында ондаған азаматтық инфрақұрылымға зиян келген.

Ресей қаншама дәлелдердің барына қарамастан азаматтық инфрақұрылымдарды нысанаға алғанын мойындамай келеді.

Украина Украина қалаларына осы нысаннан шабуыл жасады деген ресейлік нысандарға дрондармен соққы жасап жатыр.

Ресей қорғаныс министрлігі орыс әскері Покровск түбінде украин әскерінің қайта шабуылына тойтарыс бергенін мәлімдеді. Кремль әскері бұған дейін оны басып алғанын хабарлаған.

12 желтоқсанда Украина әскерінің қолбасшылары украин күштері Донбасс үшін маңызды стратегиялық қала Покровскінің бір бөлігін бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді. Покровскіде соғысқа дейін 60 мыңнан астам адам тұрған. Бірнеше ай шайқастан кейін қала үйіндіге айналып барады. Ол жақтан түсіп жатқан ақпараттарды тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес.

Одесса облысының билігі Ресейдің әуе соққысынан кейін электр энергиясының жаппай өшкенін хабарлады. Негізгі шығын қаланың өзіне келген.

"Мамандар жағдайды тұрақтандыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр және басты назар маңызды инфрақұрылым нысандарында" деді облыс әкімшілігі.

XS
SM
MD
LG